Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндікте-рі» атты жолдауы мазмұнының 80 пайызы Қазақстанды цифрландыру мәселесіне арналған. Соған орай Қостанай облысында 68 жоба жүзеге асатын болады. Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында атқарылады.
«Ауыл шаруашылығындағы «ақылды технологиялардың » барлығы да алдымен еңбек өнімділігін қамтамасыз етеді. Цифрлы технологияларды енгізудің арқасында көктемгі дала жұмыстарына кететін шығын 15-20 пайыз қысқарады, өнімнің өзіндік құны 10-15 пайызға төмендейді» деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Кеңейтілген мәжіліске қатысқан Ауы шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев мұндай цифрландыру технологиялар туралы америкалық фермерлер тәжірибесінен айтып берді. Олар бұл жөнінде өте көп алға кеткен.
Қостанай облысының ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға бюджеттен 110 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар мұндай озық технология білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларына да енгізілетін болады. Бұл жөнінде нақты жұмыстар жоспары жасалды. Мысалы облыста ІТ технология мамандарын дайындау қарастырылады, сонымен қатар осы бағытта дарынды балаларға арналған «Озат» мектеп-интернаты базасында арнайы мектеп ашылатын болады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай